Осындай да ауыл бар!
Осындай да ауыл бар!

Алматы облысындағы Керімағашты естуіміз болмаса, арнайы жолымыз түспепті. «Шипажайы жақсы екен, басшысынан бастап, күзетшісіне дейін имандылық жолында көрінеді, асы – адал, қызметі мұсылман талаптарына сай», – деген сөздерді еміс-еміс еститінбіз. Біз барғанда бұдан да басқа қызықты жайттардың, ғибратты оқиғалардың куәсі болдық. Ауылда ауыз толтырып айтар ізгі амалдар біз ойлағаннан да көбірек жүзеге асып жатыр екен. Естігеніміз емес, көргеніміз.    

«Керімағаш» шипажайының ауласында салынған мына шағын мешітте айтылатын азан үнімен 100-ге жуық түтін оянады. Жамағат таң намазын оқып, күнделікті тіршілігіне кіріседі. Алла үйін шипажай директоры, дін жанашыры Болат Сүлейменұлы салдырыпты. Өзі бас имамның көмекшісіне айналып кеткенін кейде сезбей де қалады екен... 

Мешітте бес уақыт намаздан бөлек, діни сауат ашу курстары, арнайы дәрістер жүйелі жүргізіледі. Демалушылар да намазға қатысып, рухани азық алады. Мешіт тарапынан жасалатын рухани іс-шараларға Болат аға үнемі қаржылық қолдау көрсетеді екен.   

«Керімағаш» шипажайының ашылуына себепкер болған Сүлеймен Көшкінұлы ақсақал әулетімен мұсылмандықты ұстанады. Ата әлі тың. Мешіттегі бес уақыт намаздан қалмайды. Замандастарын намазға жығылуға үгіттеп жүрген Сүлеймен ата Панфилов аудандық орталық мешіттің ақсақалдар алқасының мүшесі, Республикаға еңбегі сіңген қайраткер. Дін мен дәстүрді сөзімен де, ісімен де уағыздап келе жатқан абыз ақсақалды әңгімеге тарттық. Атаның айтуынша, ауылда билер кеңесі жақсы жұмыс істейді. Қисық мінез көрсетіп, шалыс басқандарды жөнге салып, тәртіпке шақырады екен. Ауыл арақтан арылып келеді. Той-томалақтар арақсыз өтеді. «Халық имандылықтың не екенін енді түсініп келеді. Имандылық – ата-бабамыздан келе жатқан ізгі жол. Имансыз қоғам ешқашан өспейді, өркендемейді», – деді ол бізге берген сұхбатында.     

Мұндағы таза ауа, қырғауыл мен қоянға толы әсем құмды бұталары «Керімағаш» шипажайының аумағында өзіндік ерекше микроклимат қалыптастырған. Жол бойы жиделі дала мен шеңгелді шөлден келіп кіргенде жазиралы Керімағаш жерұйықтай болып көрінеді.

Мұнда асхана, мәдениет залы, кітапхана, дүкен, қысқы бақ бар. 

Шипажайда шипалы су, оттегі коктейлі, минералды ванна, балшықпен емдеу, классикалық массаж, фитошай, жоғарғы бүрку, табиғи Шарко душы, ішек шаю, т.б. ем түрлері бар. 

Шипажайда сумен емдеудің орны бөлек. Жердің терең (3000 метр) қойнауынан шығып жатқан  ыстық су минералды заттарға өте бай. Сан түрлі дертке шипа. 

Мұсылмандық талапқа сәйкес, ер кісілерге ер адам қызмет көрсетеді.

Дене қуыстарына жиналған тұздар мен суықты шығаратын қара балшық. 

Минералды ванналар жоғары жүйке жүйесін реттеу мен бейімдеу механизмдері арқылы және ішкі секреция бездерінің қызметіне жаңа қарқын берумен ағзаға оң әсерін тигізеді.

Намаз уақыты кіргенде құлшылық жасауға да жағдай қарастырылған. Қызметкерлер, демалушылар үшін намазхана есігі әрқашан ашық. Болат Сүлейменұлы шипажай жұмысшыларының иманына да қатты алаңдайды. Оларға бас имам тұрақты дәріс жүргізеді. «Қызметкерлерімнің имам сабағына қатысуын міндетті түрде қадағалаймын. Діни білімі жоқ адам қателікке ұрынады», – дейді ол.

Бойыңа қуат беретін жаттығу залы.

Шипажайда адал асқа аса мән беріледі. «Аллаға шүкір, ет, сүт, айран, кілегей, қаймақ, т.б. азық-түліктер өзімізден өндіріледі. Шағын фермамыз бар», – дейді директор.   

Әрбір емделушіге дәрігердің тағайындауы бойынша фитобардан табиғи қоспалардан жасалған емдік дәрілер мен шайлар беріледі. 

Шетелдік емделушілер мен өзге ұлттың өкілдері шипажайға келіп, рухани тұрғыдан да тынығып қайтуда. «Біз бұл жерде өзімізді өз үйімізде жүргендей сезінеміз. Қызмет сапасы да жақсы. Жұмысшылар әдеппен қарым-қатынас жасайды. Емделу барысында Ислам дінінің талаптары ескеріліп отыратыны бізді қызықтырып келеді», – деп пікір білдірді Ольга Михайловна.   

Кешқұрым рухани, патриоттық әндердің, ғибратты қойылымдардың куәсі болдық. Өзімізді ауылдағы Мәуліт кешінде отырғандай сезіндік. Өйткені, орындалған иләһи әндер мен сахналық көріністер Ислам құндылықтарын насихаттап жатты...       

Қайтқанда... Аядай ғана ауылдың иманға ұйысып, қоңыр тіршілік кешіп, берекелі өмір сүріп жатқаны тәнтті етті. «Қариясы қариялығын жасап, жастары тіршілігі мен құлшылығын қатар атқарып жүрген барлық ауылдың тынысы мен тіршілігі осындай-ақ болса, шіркін-ай», – деген ойға шомдық.

Ауыл тұрғындарына жұмыс беріп, сауапты һәм салауатты кәсібін жүргізіп отырған Болат Сүлейменұлы сөзін: «Мұның бәрі Алланың бізге берген нығметі. Адам жақсы ниеті арқылы мақсатына жетеді. Дінге, халыққа қызмет еткеннен артық бақыт жоқ. Адал жұмыс әрқашын адамды жақсылыққа жетелейді», – деп түйіндеді. Біз де бұдан артық ештеңе айта алмадық...

Әсет БЕКТҰРӘсет БЕКТҰР
2 года назад 709
3 комментария
  • "Сүлеймен Көшкінұлы ақсақал әулетімен мұсылмандықты ұстанады" деген жері сәл артықтау сияқты. Себебі, қазақ болғаннан кейін мұсылмандықты толық болмаса, әйтеуір ұстанатыны анық. Бірақ, мақала жақсы. Үлгі алатын ауыл екен.
    2 года назад
    • Ауылда арақ сатылмайды екен. Жұмыссыздық мәселесі жоқ деседе болады. Алланың берекеті деген осы. Сүлеймен атаны көргенде бір ауылды ұйыстырып отырған бұрынғы ақсақалдар елестеді. Осындай қарияларымыз көбейсе екен... Сонда... Иә. Түсінікті.
      2 года назад
  • Алла берекесін берсін, қуанарлық жағдай екен.
    2 года назад